32-ші аптада болатын өзгерістер 32-ші аптада болатын өзгерістер
Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

32-ші аптада болатын өзгерістер

32-ші аптада сіз жүктіліктің сегізінші айына аяқ басасыз. Босануға бар болғаны екі ай ғана қалады. Егер бұл алғашқы перзентіңіз болса, онда біраз толқып жүрген боларсыз. Алғаш рет ана атану өміріңізге әжептәуір түзетулер енгізу керек дегенді білдіреді.

Балаңызға өміріңіздің төрін берсеңіз де, сіздің мүмкіндіктеріңіз бен басымдықтарыңыз айтарлықтай өзгереді.

Көмектесе аласыз ба?

Балаңыздың жағдайы сіз оның қажеттіліктерін қаншалықты анықтай алып, қалай қанағаттандыратыныңызға тәуелді болады. Оны жасап үйрену үшін уақыт пен тәжірибе қажет. Егер оған дейін балалы болып көрсеңіз де, сіз бәрібір жаңа адамның отбасына қалай сіңіп кететінін және тағы бір кішкентай адамды бағып-қағуға уақыт жете ме деп уайымдайтын шығарсыз. Үрейге бойыңызды билеп алуға жол бермеңіз! Бала туған соң сізге көмектесе алатын туыстар мен достарыңыз болғаны жөн. Адамдар қол ұшын беруге қуанышты және көмек сұраған кездерді бағалай біледі. Сізге әзірше көмек сұрау ерте болып көрінуі мүмкін, бірақ алғашқы, ең қиын күндері кепілді қолдаудың бар болғаны жақсы.

Осы аптадағы дене өзгерістері

Іш күннен-күнге үлкейіп келеді. Кеуде де қалыспайды. Сіз тізеңізді көре алмайсыз, ал кіндігіңіз шошайып тұр. Кеуде мен іштің жоғарғы жағындағы аралық азайып келеді. Енді төстің салмағына бола Сізге көбінде жүкті әйелдерге арналған кеудеқап киген ыңғайлырақ шығар. Кейбір әйелдер оны ұйықтаған кезде де шешпейді.

Терлегеннен көбейе түсетін кеуде астындағы бөртпелерді қадағалап жүріңіз. Салқын душ қабылдау, жеңіл тальк ұнтағы мен сапалы жалпы гигиена уылып кетудің алдын алуға көмектеседі.

Отыруға немесе жатуға мүмкіндік болған кезде жеңілдеп қалатын шығарсыз. Дүкен аралап ұзақ жүруден аулақ болыңыз және өзіңізге ыңғайлы қарқынмен жүруді үйреніңіз. Дене белсенділігін сақтау қиындай түседі. Күніңізді жоспарлағанда үй шаруаларыңыз бен жұмысты демалыспен кезектестіріп отырыңыз.

Салмақ артып келеді. Кейбір әйелдер осы кезде аптасына жарты килограмнан салмақ қосады. Сұйықтық жиналып қалса да салмақ артуы мүмкін, алайда үшінші триместрде одан құтылу мүмкін емес десе де болады. Кенеттен жылдам салмақ қосылса немесе қатты бас ауырса, елеусәз қалмасын. Бұл дамып жатқан асқынудың белгілері болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден акушеріңізге немесе дәрігеріңізге қаралыңыз.

Енді дәрігерге екі аптада бір барасыз, ал осындай режим шамамен 36 аптаға дейін сақталатын болады, әрі қарай гинекологқа апта сайын баратын боласыз. Дәрігер ішіңізге пальпация жасап, қан қысымын өлшеп, несеп талдамасын жасауыңызды сұрайды. Осы әрекеттердің бәрі бірыңғай болып көрінгенімен, сіздің жағдайыңызды мұқият қадағалап отыру маңызды. Үшінші триместрде преэклампсия, гестациялық диабет және мерзімінен бұрын босану сияқты проблемалар жиі анықталады.

Осы аптадағы эмоциялық өзгерістер

Жүктіліктің 32-ші аптасында сіз «қашан ғана бәрі бітеді?» деген кезеңге әлі жете қоймаған шығарсыз, бірақ көрінген таудың алыстығы жоқ. Егер өсіріп жатқан балаларыңыз бар болса, жүктілік кәдімгідей ауыр болуы мүмкін. Сіз оларды жуындырғанда, бесік арбадан алғанда, едендегі ойыншықтарын жинағанда еңкейесіз, сондықтан кешке қарай шаршап қаласыз.

Жүктілікке байланысты барлық жұмысты тек сіз орындайтындай болып көрінеді. Шынымен де, осы кезеңде серігіңіз негізінен бақылаушы рөлінде болады. Егер ренжіген болсаңыз, оған не сезетініңізді айтқаныңыз жөн. Ол сіздің ойыңызды оқып алады деп үміттенбей, одан қандай көмек керегін нақты түсіндіріңіз.

Осы аптада қажетті кеңестер

  • Төсектен тұрған кезде арқаңызды ойлаңыз. Алдымен бір жақ бүйіріңізге аунап алыңыз, сосын қолыңызға сүйеніп, отырыңыз. Шамадан тыс күш түсіріп, еңкеймес үшін денеңіздің төменгі бөлігін төсектің шетіне жақындатып, ыңғайлап алыңыз. Бір-екі минуттай отыра тұрып, содан кейін ғана тұруды әдетке айналдырыңыз. Сіз жатқан кезде артериялық қанқысымыңыз тұрған кезіңізге қарағанда төменірек болады. Сондықтан ағзаңыздың қан қысымының өзгеруіне бейімделуіне уақыт беріңіз.

  • Көптен күткен күнге барлығы дайын тұратындай фото/видеокамераны дайындап, қазірден тексеріп қойыңыз.

  • Бюджетіңізді қайта қарап шығыңыз, апта сайын азғантай сома алып қоюға тырысыңыз. Сәби дүниеге келгенге дейін, қалауыңыз бен күтпеген сауда жасау үшін аздаған жинақ ақшаңыз болады.

  • Жаңа кешкі көйлек кез келген оқиғаның сәніне айналуы мүмкін.

EmptyView