Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 9-аптасы

Тоғызыншы апта – жүктіліктің үшінші айының басы. Бұл мерзімге қарай көптеген әйелдер өзінің қызық күйі жайында біледі және жүктіліктің егжей-тегжейін білу үшін гинекологқа да барып үлгереді. 
Осы мерзімде әйелдің ағзасында бала көтерудің бүкіл мерзіміндегі басты өзгерістердің бірі болады: плацента қызмет ете бастайды. Дәл осы мүше әйел ағзасындағы зат алмасуға жауап беріп, әйелдің денесін даму үстіндегі ұрықтың қажеттіліктеріне бейімдейді. 
Плацента – құрсақтағы бала үшін ең басты мүше. Ол тек қоректік заттар мен оттекті ғана беріп қоймай, қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен сенімді қорғайды. Мысалы, егер ана бір бокал шарап ішсе немесе темекінің қара түтінін кездейсоқ жұтып қойса, плацента балаға уытты заттарды өткізбейді, осылайша түсік тастау қаупін азайтады. Егер бұған дейін ішімдік ішу мен темекі тартудан бас тартпаған болсаңыз, енді оны қалай да болса, қою керек.

Әйелдің ағзасында не болып жатыр?

Ер адамдарға болашақ ананың еркелігі мен тұрақсыз көңіл-күйін әлі де шамалы уақыт көтере тұру қажет, өйткені 9-аптада әйелдер әлі де болса ашушаң келеді. 
Көптеген әйелдерде жүктіліктің осы кезеңінде зат алмасу айтарлықтай күшейеді. Ағзадағы калориялар әлдеқайда жылдам қорытыла бастайды, қан айналымының көлемі ұлғаяды, сондықтан, жүкті әйел қатты ыстықтап, көп терлей бастайды да, сұйықтықты көп ішеді. 
Болашақ ананың бүйрегі де күшейтілген режимде жұмыс істей бастайды. Айта кететіні, 9-аптада ұрықтың да бүйрегі жұмыс істей бастайды, ол барлық қажетсіз заттарды плацентаға шығарады, ал сол жерден олар ана ағзасынан да шығарылады. Бүйректің жұмысын жеңілдету үшін жүкті әйел тұзды және бұрыш қосылған тамақты жемей, түнге қарай сұйықтықты көп ішпеуге тырысуы қажет. Қажет болғанда, дәрігер несеп айдатқыш препараттарды қабылдауға кеңес беруі мүмкін. Алайда, сәбиге зиян келтірмеу үшін өздігінен осыған ұқсас дәрілерді қабылдамаңыз. 
Бүйректің күйіне аса қатты назар аудару қажет, өйткені жүктіліктің соңына дейін оған күш түсіріліп тұрады. Егер рационды ауыстырмай, дәрігердің ұсыныстарына құлақ салмаса, жүкті әйелде ісіну, несеп шығарумен қиындықтар туындауы мүмкін, ал кейде екінші рет токсикоз да пайда болады, өйткені бүйрек ағзадан барлық уытты заттарды шығаруға шамасы келмей қалады. 
Осы мерзімде қант диабетімен ауыратын немесе осы ауруға бейім әйелдердің жағдайы қиындауы мүмкін. Сондықтан осыған ұқсас қиындықтары бар жүкті әйелдер өзінің қал-жағдайына айрықша көңіл бөліп, дәрігерге жиі баруы тиіс.

Баланың сыртқы келбеті

Жүктіліктің тоғызыншы аптасы ұрық дамуының жетінші аптасына сәйкес келеді. Осы кезеңде құрсақтағы баланың аяқ-қолдары ерекше белсенді дамиды, буындары қалыптасып, саусақтары айқын көріне бастайды. Эмбрион қолдарын белсенді қозғалтады, оларды бүгіп, жазады, бетіне апарады. Құрсақтағы бала аяқтарын да қозғалтады, тізесін жазады, керіледі. 
Басы жұмырлана бастайды, бірақ бұрынғыша бүкіл эмбрион ұзындығының жартысын дерлік құрайды. Беті айқындалып, адам келбетіне келе бастайды. Көзде қабақ пайда бола бастайды, сәби алғашқы сору әрекетін жасай бастайды. 9-аптада эмбрионның құйрығы толықтай жоқ болып кетеді. 
Баланың жүрегі әлі де толық қалыптаспаған және үш камерадан тұрады, бірақ қанда алғашқы эритроциттер пайда бола бастайды. Асқорыту жолы да дамып жатыр: ішектің бөлімдері қалыптасады, бүйрек пен ұйқы безі дамуын жалғастырады. Бүйрек және басқа да несеп-жыныс жүйесінің мүшелері қалыптаса бастайды. 
Өзгерістер тыныс алу жүйесіне де қатысты. Ұрықтық трахея бірте-бірте бронхтарға айнала бастайды.

УДЗ не көрсете алады?

Жүктіліктің 9-аптасында УДЗ жасауға айрықша көрсетім жоқ. Бірақ жеке жағдайларда жатыр мен ұрықтың жағдайын бағалау, сондай-ақ егер бұл бұрындары жасалмаса, жүктіліктің нақты мерзімін анықтау үшін зерттеу тағайындалуы мүмкін. 
Осы мерзімдегі УДЗ баланың қозғалу белсенділігін анықтауға мүмкіндік береді. Экранда аяқ-қолдың қимылдарын анық көруге болады, сондай-ақ баланың ұйықтап жатқанын немесе ұйықтамағанын анықтауға болады. Әрине, осы мерзімде әйел ұрықтың қозғалуын әлі сезбейді, есесіне жүрек қағысын айқын ести алады. Осы мерзімде эмбрионның жүрегі минутына шамамен 130-150 рет соғады.

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView